Биыл Қазақстандағы мектептерде 100-ден астам стоматологиялық кабинет ашылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

2028 жылдың соңына дейін 987 кабинет ашу жоспарланып отыр

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы аясында мектеп жасындағы балаларға арнап 124 стоматологиялық кабинет ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы еліміздің 17 өңірінде 124 стоматологиялық кабинет пайдалануға берілді. 2028 жылдың соңына дейін 1000 және одан да көп оқушысы бар мектептерде 987 кабинет ашу жоспарланып отыр.

Профилактика кабинеттерінде оқушылар жеке тәсілмен кешенді стоматологиялық көмек алады. Оған мыналар кіреді:

  • стоматологиялық аурулардың ерте диагностикасы;
  • тіс дәрігеріне уақытылы емделуге жолдама;
  • ауыз қуысының гигиенасы ережелеріне үйрету;
  • балалармен, педагогтармен және ата-аналармен санитариялық-ағарту жұмыстары.

Мектепке дейінгі мекемелерде балалар мен олардың ата-аналарында ауыз қуысына күтім жасаудың тұрақты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған арнайы гигиеналық бұрыштар құрылады.

«2025 жылы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ Қазақстан) қолдауымен стоматологиялық аурулардың профилактикасы бойынша 2700-ден астам мейіргер оқытудан өтті.

«Болашаққа сау тіспен» бағдарламасын іске асыру жас кезінен бастап дұрыс гигиеналық әдеттерді қалыптастыруға және стоматологиялық ауруларды ерте анықтауға – тісжегінің таралуы мен оның асқынуларының төмендеуінің негізгі факторына бағытталған және балалардың жалпы денсаулығын сақтауға ықпал етеді», – делінген министрлік хабарламасында.