Мемлекет басшысы Астанада жаңа әуежай салуды ұсынды

Автор: Аягөз Құрмаш

Себебі авиажанармай көлемін арттыру керек

Фото: Астана халықаралық әуежайы

Астананы дамыту жайлы кеңесте арезидент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Бірақ Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Осы жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бәлкім, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек шығар. Оның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар», - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет. Сондай-ақ мемлекет басшысы коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызы зор дейді.

«Көші-қон қарқынының артуы, ірі қалалардағы құрылыстың тығыз салынуы инженерлік желілер мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға айтарлықтай салмақ салады. Бірнеше жыл бұрын елордада ауыз судың тапшылығы сезілді. Оның сапасына қатысты сын айтылды. Осы мәселелерді шешу үшін жаңа су құбырлары тартылып, сорғы-сүзгі станциялары салынып жатыр. Олардың кейбірі пайдалануға берілді. Елдің бас қаласын сумен тұрақты қамтамасыз ету – техникалық міндет қана емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мұнда ұсақ-түйек нәрсе болмайды, барлығын алдын-ала ойластырып, уақтылы жасау қажет. Төртінші ауыз су станциясын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.