«4,5 трлн теңге жұмсалған»: депутат мемқолдау бағдарламалары нәтиже бермей отырғанын айтты

Автор: Асыл Арман

Елнұр Бейсенбаев бюджет қаражатының тиімді пайдаланылмауын сынға алды

Фото: facebook.com/elnur.beisenbaev

Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылау барысында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты бірқатар жүйелі мәселені көтеріп, бизнесті қолдауға бөлінген қомақты қаражаттың нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже бермей отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фракция жетекшісінің айтуынша, Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылау – тек ресми рәсім емес, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын тікелей жүзеге асырудың нақты көрінісі.

«Бүгінде парламенттік бақылау қоғам мүддесін қорғаудың нақты құралына айналды. Жоғары аудиторлық палата ұсынған қорытындылар экономикамыздың іргетасына тікелей қатысты. Соңғы бес жылда мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 4,5 трлн теңге бағыттады. Алайда аудит қорытындысы қаражаттың тиімділігі нақты нәтижемен емес, формалды көрсеткіштер мен көзбояушылыққа негізделген тәсілдер арқылы көрсетілгенін анықтады», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның сөзінше, шағын және орта бизнес – экономиканың әрі әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Алайда мемлекеттік бағдарламалардың «көркем фасадтарының» артында жүйелі кемшіліктер жасырын тұр.

«2025 жылға қарай орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 15 пайызға жеткізу міндеті іс жүзінде орындалмады. Қазіргі көрсеткіш небәрі 6,7 пайыз деңгейінде қалып отыр. 2020 жылы субсидияға бөлінген 1 теңгеге 5,2 теңге салық түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 3 теңгеге дейін төмендеді. Яғни қайтарым жылдан-жылға азайып келеді», – деді фракция жетекшісі.

Ол бюджеттен бөлінген қаражаттың әлеуметтік-экономикалық әсерін өлшеу мүмкін болмай отырғанын айтты. Себебі бүгінге дейін бірыңғай әдістеме де, статистикалық деректерді жинаудың жүйелі тәсілі де қалыптаспаған.

Сонымен қатар Елнұр Бейсенбаев кәсіпкерлікті қолдауда тұрақты нормативтік-құқықтық базаның жоқтығына назар аударды. Мәселен, Үкіметтің жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы қаулысы соңғы төрт жылға жетпейтін уақыт ішінде 20 рет өзгертілген. Бұл бизнестің ұзақмерзімді жоспар құруына мүмкіндік бермей отыр, өйткені «ойын ережелері» үнемі ауысып келеді.

Фракция жетекшісі мемлекеттік қолдаудың өңірлер арасында әділетсіз бөлінетінін де атап өтті. Оның айтуынша, кей аймақтарда қаржыландыру көлемі ондаған есе айырмашылыққа ие. Сонымен бірге шикізаттық емес экспорт құрылымында әлі күнге дейін төмен деңгейде өңделген өнімдер басым.

Елнұр Бейсенбаев нақты мысалдарға да тоқталды. Оның айтуынша, ондаған жыл бойы миллиардтаған теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алып келе жатқан фермерлік шаруашылықтар бар, ал басқа кәсіпорындар мұндай көмекке қол жеткізе алмай отыр.

«Павлодар облысында сода зауытына инфрақұрылым жүргізуге 2,5 млрд теңге жұмсалды, алайда зауыттың құрылысы әлі басталған жоқ. QazIndustry шоттарында қозғалыссыз жатқан 2 млрд теңгеге жуық қаражат бар. Ал QazTrade бағдарламаларына қатысушылардың жартысынан көбі экспортты іс жүзінде жүзеге асырмаған», – деді ол.

Фракция жетекшісі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды реформалау мәселесі де пісіп-жетілгенін айтты. Оның сөзінше, көптеген өңірде бұл құрылымдар қоғам мен бизнес үшін жабық «қара жәшікке» айналған.

«Олардың негізгі миссиясы – өңірлерді дамыту. Егер бұл міндет орындалмаса, мұндай құрылымдардың қажеттілігі үлкен сұрақ тудырады. Сол сияқты 61 млрд теңге алған тұрақтандыру қорлары да бағаға нақты ықпал ете алмады. Картоп бағасының үш есеге, еттің екі есеге қымбаттауы – соның айқын дәлелі», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Аудит деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар 528 млрд теңге алған. Алайда аудиттен өткен 13 корпорацияның 8-інде 209 млрд теңге көлемінде созылмалы шығын қалыптасқан, ал табыстары үштен бірге қысқарған.

Депутат ӘКК-лердің нақты инвестициялық жобалардың орнына бюджет қаражатын банктік депозиттерге орналастырумен шектеліп отырғанын сынға алды.

«Егер СПК-ның бүкіл жұмысы қаражатты депозитке салумен ғана шектелсе, мұндай делдалдың қажеті қанша?» – деді ол.

Сондай-ақ Елнұр Бейсенбаев тексеріс нәтижесінде бюджетке 61 млрд теңгенің қайтарылғанын атап өтіп, бұл айтылған мәселелердің нақты дәлелі екенін айтты. Осы ретте кейбір ӘКК басшыларына төленген қомақты сыйақылардың қоғамда наразылық тудыратынын жеткізді. Мәселен, «Ақжайық» ӘКК басшылығы бір жылда 14 айлық көлемінде сыйақы алған.

Фракция жетекшісі даму институттарының жұмысына да сын айтты. Оның сөзінше, «ҚазАзот» компаниясы 2022 жылы 5,4 млрд теңге несие ала отырып, сол жылы өз акционерлеріне 10 млрд теңге дивиденд төлеген.

«Бұл – ақылға сыймайтын жағдай. Мемлекеттік қаражат есебінен берілген қарыздан түсетін міндеттемелер топ-менеджменттің табысынан төмен қойылып отыр», – деді ол.

Сонымен қатар Қазақстанның Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры секілді даму институттарындағы келісімдер 18 айға дейін созылатынын атап өтіп, мұндай баяулық теңге бағамының құбылмалы жағдайында жобалардың қымбаттауына және бизнеске қосымша борыш жүктелуіне әкелетінін айтты.

Сөз соңында Елнұр Бейсенбаев депутаттық корпустың басты міндеті – бизнес үшін тұрақты әрі болжамды құқықтық орта қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мәжіліс қабылдаған заңдар, үш жылдық бюджет және Президенттің экономиканы либерализациялау бағыты осы мақсатқа бағытталған.

«AMANAT» партиясының фракциясы бұл мәселелерді Үкіметті сынау үшін емес, шешім табу үшін көтеріп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, біз жүйелі проблемаларды ашық көтерген кезде олар өз шешімін табады», – деді ол.

Қорытындылай келе, фракция жетекшісі аудит барысында бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталмағанын атап өтті. Бұл мемлекеттік қаржы жүйесінің ашықтығы мен орнықтылығының көрсеткіші екенін айтты. Алайда тікелей жымқырудың болмауы басқарудағы кемшіліктер мен ресурстарды тиімсіз пайдалану мәселесі жоқ дегенді білдірмейтінін жеткізді.