Ақмола облысында ауыл тұрғынының 24 бас жылқысын айдап әкеткен күдікті ұсталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Құқық қорғау органдары бұл факт бойынша қылмыстық істі тіркеді

Фото: Ақмола облысы ПД/Видеодан скрин

Ақмола облысында Ерейментау ауданының бір ауылының тұрғынынан құлын табыны ұрланған. Өтініш берушінің айтуынша, белгісіз біреулер елді мекенге жақын орналасқан жайылымнан 24 бас жеке малды айдап әкеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құқық қорғау органдары бұл факт бойынша қылмыстық істі тіркеді. Өтініш келіп түскеннен кейін криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын бастады. Ықтимал куәгерлерден жауап алынды, жақын маңдағы жайылымдар, фермерлік қожалықтар мен малды өткізу орындары тексерілді, ет сатып алушының жеке басы анықталды.

«Іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер 49 жастағы күдіктіні анықтай алды. Ол ұсталып, тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайлары, сондай-ақ ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігі анықталуда.

Ұрланған малдың бір бөлігі табылып, заңды иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.