Алматыда әйел адам автобустан құлап, омыртқасын сындырып алды

Автор: Асыл Арман

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Алматыда жолаушы автобустан түсер кезде есігі жабылып кетіп, жарақат алды. Салдарынан омыртқасы сынып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Almaty Today Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға 21 желтоқсан күні №104 бағыттағы автобуста болған. Алдын ала деректерге сәйкес, жолаушы әйел салоннан толық шығып үлгермеген сәтте автобус жүргізушісі ары қарай жүріп кеткен. Соның салдарынан әйел құлап, омыртқа сүйегі сынған.

«Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Алматы қаласының Жетісу аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушісінің және жолаушының әрекеттерін анықтауда.