Сот тұрғындардың пайдасына моральдық зиян үшін өтемақы өндірді
Таразда жарнамалық және полиграфиялық өнім өндірумен айналысқан кәсіпорынның заңсыз әрекеттері тұрғындардың өмір сүру жағдайын нашарлатқан. Сот оларды моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот барысында Тараз қаласындағы тұрғын үйде ұзақ уақыт бойы жарнамалық және полиграфиялық өнім өндірумен байланысты қызмет жүргізілгені анықталды. Аталған жұмыс барысында жабдықтардан қатты шу шығып, бояулардың өткір иісі және санитарлық нормалардың бұзылуы тұрғындарға қиындық тудырған. Бұл жағдай көршілер тарапынан бірнеше рет шағымдардың түсуіне себеп болған.
Тексеру жүргізу барысында уәкілетті органдар санитарлық-эпидемиологиялық заңнама талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғанын анықтады. Заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілген. Алайда бұл нұсқамалар белгіленген мерзімде орындалмаған. Нұсқамалардың заңдылығы Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының заңды күшіне енген қаулысымен расталған.
Сот жауапкердің заңсыз әрекеттері талапкерлердің құқықтарын бұзғанын, оларға моральдық зиян келтіргенін және өмір сүру жағдайын нашарлатқанын анықтады. Соның салдарынан талапкерлер тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болған.
Сот шешімімен заңды тұлғадан әрбір талапкердің пайдасына 500 мың теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу, сондай-ақ сот шығындары өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.