Допинг дауына ілінген Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеулерінен айырылып қала ма

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жәнібек Әлімханұлы допинг жанжалына ұшырады

Фото: X/Janibek Alimkhanuly

Допинг дауына ілінген Жәнібек Әлімханұлының карьерасы қалай жалғасуы мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан спортшының қандай жағдайда чемпиондық белбеулерінен айырылуы мүмкін екенін және одан кейінгі қадамдары қандай болатынын айтты.

Берік Сұлтанның айтуынша, 2026 жылдың басында Әлімханұлының чемпиондық титулдарының сақталуы немесе сақталмауы 8 қаңтарға жоспарланған В сынамасының нәтижесіне тікелей байланысты болады.

«Екі түрлі сценарий бар. Егер 8 қаңтарда алынған екінші сынама таза болып шықса, біз титулдарды сақтап қаламыз және карьерамызды әрі қарай жалғастырамыз. Біз бұған үміттіміз, себебі шындық біздің жағымызда. Ал егер нәтиже керісінше болып шықса, Жәнібекті чемпиондық белбеулерінен айырып, белгілі бір мерзімге бокстан шеттетуі мүмкін. Бірақ тіпті ондай жағдайда да біз мойымаймыз, жолымызды жалғастырамыз. Ол әлі жас, оның карьерасы аяқталған жоқ», – деді Берік Сұлтан.