«Сот үкімімен мүлдем келіспеймін»: тіс емханасында сәбиі көз жұмған әке мәлімдеме жасады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Астанада жеке стоматологиялық клиникада қыз баланың қаза табуына қатысты резонансты іс бойынша үкім шықты

Фото: Видеодан скрин

Бүгін Астанада жеке тіс емханасында кәмелетке толмаған үш жасар қыз баланың қаза табуына қатысты резонансты іс бойынша сот үкімі жарияланды. Марқұмның әкесі елордалық соттың шешімімен келіспейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыған дейін анестезиолог-дәрігер кінәлі деп танылғанымен, рақымшылыққа байланысты бас бостандығынан айыру жазасынан босатылды.

Марқұмның әкесі журналистерге сот үкімімен келіспейтінін айтты. Осыған дейін сот айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі – «Медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан» бойынша кінәлі деп таныған.

Судья Қажымұқан Мекемтас айыпталушыға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырды. Алайда сот Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық туралы заңға сәйкес айыпталушыны негізгі жазадан босатты.

«Мен ата-ана ретінде сот үкімімен мүлде келіспеймін, жүз пайыз қарсы­мын. Әлі де басқа сот процестері болады. Іс барысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын да хабардар етіп отырамыз», – деді марқұмның әкесі.

Отбасының ерекше наразылығын тудырған жайт – сот алдында тек анестезиолог-дәрігердің жауапқа тартылып, ал тікелей ем жүргізген стоматологтың куәгер мәртебесінде қалуы.

Әкесінің айтуынша, процедура алдында олар клиникаға баланың медициналық тексеру нәтижелерін – қан талдауы мен жүрек жағдайы туралы деректерді толық тапсырған. Алайда оның пікірінше, дәрігерлер бұл мәліметтерді ескерусіз қалдырған.

«Талдаулардың негізінде олар емдеу көлемі мен тәуекелдерді нақты бағалай алатын еді. Бірақ іс жүзінде олар менің баламды қараусыз қалдырды. Олар немқұрайлық танытып, салғырт қарады. Бір-бірімен ақылдаспаған, тіпті менеджермен де, анестезиологпен де, стоматологпен де қандай да бір алқалы шешім қабылдамады. Бұл баланы осы анестезиямен емдеуге бола ма, болмай ма деген мәселе талқыланбаған. Сірә, ондай шешім мүлде болмаған», – деді ол.