2025 жылы кімдер ерлік жасап есте қалды
2025 жыл Қазақстан үшін батылдық пен адамгершілік үлгілерімен есте қалған жылдардың бірі. Осы жылы көптеген қарапайым азаматтар өз өмірлерін қауіпке тігіп, басқаларды құтқару арқылы шынайы ерліктің үлгісін көрсетті. Өрттен адамдарды шығарып алу, суға батып бара жатқандарды құтқару сияқты оқиғалар қоғамның бірлігін, азаматтардың жауапкершілігін және қайсарлығын айқын көрсетті. Биыл азаматтар қандай ерлік жасап есте қалғанын топшыладық, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мұса Әбдірайым. Бұл адам 2025 жылы 7 наурызда Алматы әуежайында пышақпен қауіп төндірген ер адамның қолынан әуежай қызметкерін құтқарып алды. Ол әйгілі «Жігіттер» тобының продюсері Ергали Әбдірайымның інісі, әнші Бағлан Әбдірайымның ағасы болып шықты. Бұл оқиға жайлы тіпті шетелдік басымлымдар да жарыса жазды. Кейін ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ерлігі үшін» орденімен марапатталды.
Ринат Жылқышинов. Жазда, дәлірек айтсақ, 11 маусымда Өскемен қаласында бес қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Оқиға орнына келген Ринат Жылқышинов газ-түтіннен қорғау қызметі буынының құрамында барлау жұмыстарын жүргізіп, 1946 жылы туған пәтер иесін қалың түтінге толы тұрғын үйден құтқарды. Оған бетперде кигізіп, оны қауіпсіз жерге шығарды. Осы ерлігі үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ерасыл Омарханов. Ол 2025 жылдың 13 мамырында Үлбі өзенінде бала суға батып бара жатқанына кездейсоқ куә болып, абдырап қалмай 5 жастағы баланы құтқарды. Белгілі болғандай, ол әпкесімен өзен жағасында серуендеп, суға құлап кеткен, ағын оны алып кете бастады. Ерасыл дер кезінде қасында өтті. Ерасыл Омарханов Қазақстан-Америка Еркін университетінің студенті. Оның орнында мұны кез-келген адам жасайды және өзін батыр деп санамайды дейді. Осы ерлігі үшін ол «Рухтастар» сыйлығына ие болды.
Ернар Тұрсын және Нұрасыл Әлімтаев - Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері 2 наурызда Алматыдағы Жетісу ауданында жеке меншік тұрғын үйдегі өрттен адамдарды құтқарды. Ернар мен Нұрасыл үйіне оралған кезде жанып жатқан ғимаратты байқаған. Олар көмек сұраған дауысты естіп, бұл оқиға туралы 112-ге дереу хабарлап, қою түтін мен қауіпке қарамастан, жанып жатқан үйге қарай жүгірген. Олардың батылдығының арқасында 64 жастағы әйел, 17 жастағы және 6 жастағы қыз аман қалды. Кейінірек студенттер өртті өз бетінше сөндіруге тырысқан, бірақ бұл мүмкін болмаған. Екі студент «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» меділмен марапатталды.
Ұлдана Мырзуан. Астанада 2025 жылдың қараша айында Ұлдана қызметтік міндетін атқару кезінде басына кондиционер мен кірпіш қаптамасы құлап кетеді. Ол 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Денсаулық сақтау басқармасы оның әрекетін жоғары бағалап, оны ерлік деп атады. Ұлдана Мырзуан президент жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.Сондай-ақ марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанға арнап ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары және жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.
Айткен Азамат. 10 желтоқсанда Марал көпірі маңында серуендеп жүрген Айткен Омарұлы көмек сұрап жатқан дауысты естіп, суға батып бара жатқан ер адамға дереу жүгірген. Оның батыл әрі шешімді әрекеттерінің арқасында 1963 жылы туған ер адамның өмірі аман қалды. Ол ТЖМ-нің наградасына ие болды.
Ерлан Шонтабаев. Ақтау қаласында 39 жастағы ер адам суға батып бара жатқан жастарды құтқармақ болып, өзі ажал құшты. 2025 жылдың шілде айының соңында Ерлан достарымен бірге теңіз жағасында демалып жатқан. Сол маңда екі қыз бен екі жас жігіт суға түсіп жүрген кезде қатты ағысқа түсіп кеткен. Үшеуі су бетінде қалқып, көмек сұрап айқайлай бастағанда, Ерлан еш ойланбастан суға секіріп, екі қызды жағаға аман алып шыққан. Алайда үшінші жас жігітті құтқаруға тырысқан кезде, ол үрейге бой алдырған күйі Ерланның аяғынан ұстап қалып, нәтижесінде екеуін де толқын жұтып кеткен. Құтқарушылар көп ұзамай олардың денесін тауып шығарған.Ерлікпен қаза тапқан Ерлан Шонтабаевтың артында жары мен бес баласы қалды. Бесінші баласы - үш айлық нәресте. Батыр азамат Құрық ауылында ақтық сапарға шығарып салынды. Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті басшылығы оның жанқияр әрекетін атап өтіп, отбасына алғыс хат табыс етті.