Автобус суыққа шыдамай, жолда тоқтап қалған
Қостанай облысының Федоров ауданында түнгі уақытта республикалық маңызы бар Астана – Қостанай – РФ шекарасы автожолында жолаушылар автобусы істен шығып, ішіндегі адамдар эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Федоровка ауылынан шамамен 4 шақырым жерде болған. Тәжікстан – Ресей бағытымен келе жатқан автобус қатты аяз кезінде техникалық ақауға байланысты жолда қалған. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген.
Құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Нәтижесінде 16 адам, оның ішінде сегіз бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Жолаушылар Жаркөл ауылындағы жылыну пунктіне орналастырылды.
Ресми мәліметке сәйкес, ешкім медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
ТЖМ өкілдері ауа райы күрт нашарлаған кезеңде алыс жолға шықпауға кеңес береді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажеттігі ескертілді.