Қазақстанның аңыз актері 88 жасында дүниеден озды
Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткері, халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның ұлттық мәдениеттегі орны ерекше екенін атап өтті.
Ресми мәлімдемеде Асанәлі Әшімовтің қазақ театр және кино өнерінің кәсіби мектебін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқаны айтылды. Оның сахнадағы және экрандағы бейнелері, сондай-ақ режиссерлік және ұстаздық еңбегі отандық өнер тарихында айрықша орын алады.
«Асанәлі Әшімов – ұлттық рухани мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан дара тұлға», – делінген министрлік хабарламасында.
Асанәлі Әшімов – КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол актер, режиссер, педагог әрі сценарист ретінде бірнеше буын өнер иесінің қалыптасуына ықпал етті.
Шығармашылық жолында ол 30-дан астам кино рөлін сомдады. Көрерменге ерекше танылған фильмдері қатарында «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Ермак», «Транссібір экспресі» бар.
Бұл туындылар қазақ киносының алтын қорына енді.