ТЖМ өкілдері қайғылы оқиға жиі болатын Костенко шахтасын тексерді

Автор: Дәулет Ботагөз

Өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейі жіті бақылауға алынды

Фото: ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кңнгірбай Есенеев «Karaganda Komir» ЖШС-не қарасты Костенко атындағы шахтаға барып, нысанның дайындығын тексерді. Қаралы оқиғамен танымал болған бұл шахтадағы өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейі жіті бақылауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Шахта астындағы бақылау жүйесі қалай жұмыс істейді?

Вице-министр кен орнындағы жұмыс барысымен танысып, жер астындағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірнеше маңызды жүйені тексерді:

Персоналды іздеу: Жер асты қазбаларында адамдардың орналасқан жерін анықтау және позициялау жүйесі.

Байланыс сапасы: Жер асты нысандарымен үздіксіз радиобайланыс орнату мүмкіндігі.

Газ бақылауы: Атмосферадағы газдардың мөлшерін қадағалайтын аэрогазды бақылау жүйесі.

Сондай-ақ, ТЖМ өкілдері кеншілердің денсаулығын қадағалайтын АСМО медициналық тексеру бөлмесін және шахта музейін аралады.

Инспекция нәтижесі: Жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар

Тексеріс кезінде Ерболат Садырбаев пен Кеңгірбай Есенеев шахтаның +110 горизонтындағы 47К1-з лавасына түсіп, кәсіпорынның нақты жұмыс жағдайын бағалады. Сапар соңында кәсіпорын басшылығымен арнайы кеңес өткізілді.

«Кеңес қорытындысы бойынша кәсіпорындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар мен ұсыныстар берілді», — деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Бұл тексеріс стратегиялық нысандардағы қауіпсіздікті нығайту және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында жүргізіліп отыр.