Астанада тоқтаусыз қар жауып тұр, түнде 27 градус аяз болады: қала әкімдігі мәлімдеме жасады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қыс мезгілі басталғалы бері 788 мың текше метрге жуық қар шығарылды

Фото: istockphoto.com

Елордада қалың қар жауып жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызмет қар күреу жұмысын тәулік бойы, тоқтаусыз режимде жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана әкімдігінің мәліметінше, 20 желтоқсан күні қала аумағынан ауыр жүк көліктерімен 1 686 рейспен 21 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Түнгі ауысымда көшелер мен жолдарды қар мен мұздан тазалауға 405 жол жұмысшысы мен шамамен 3 500 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

«Қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына жалпы көлемі 788 мың текше метрге жуық қар 61 135 жүк көлігі рейсімен шығарылды.

Астанада алдымен негізгі жолдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыс жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылады.

Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты сақтау міндеті ПИК пен МИБ ұйымдарына жүктелгенін атап өткен жөн. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс», - делінген әкімдік хабарламасында.

«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің болжамына сәйкес, алдағы күндері елордада ауа райы қарлы болады.

21 желтоқсанда көшпелі бұлт шығады, түнде және таңертең қар жауып, боран соғады. Жел солтүстіктен оңтүстік-батысқа ауысады: түнде 9-14 м/с, күндіз -8 м/с. Ауа температурасы түнде 25-27 градус, күндіз 22-24 градус аяз болады.

22 желтоқсанда боран күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, жылдамдығы 9-14 м/с, екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 21-23 градус, күндіз 8-10 градус аяз болады.

23 желтоқсан күні көшпелі бұлт шығады, күндіз қар жауып, боран соғады. Жел оңтүстік-батыстан 9-14 м/с соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с жетежі. Ауа температурасы түнде 10-12 градус, күндіз 3-5 градус аяз болады.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауды сұрайды.