Балық аулауға шығып, жоғалып кеткен азаматтар табылды
Ұлытау облысында балық аулауға шығып, хабар-ошарсыз кеткен алты азамат төрт күннен кейін аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Үсік шалған азаматтардың бірі бірден дәрігерлерге тапсырылған. Қазір өміріне қауіп жоқ.
Балықшылар бірнеше күн бойы байланысқа шықпаған. Осыдан кейін жақындары алаңдап, құтқару қызметіне жүгінген.
Құтқарушылар дала алқаптарын, қолжетімсіз аумақтарды тексерді.
«Ұлытау ауданы Ақтаз ауылы маңында, Жезқазған қаласынан шамамен 180 шақырым қашықтықта екі автокөлік табылды. Көліктердің арақашықтығы шамамен 7 шақырым болды. Бір автокөлікте жанар-жағармай толықтай таусылған. Көмекке мұқтаж азаматтар суықтан қорғану үшін түнгі және күндізгі уақытта дөңгелектерді жағып, жылынуға мәжбүр болған. Азық-түлік қоры да біткен. Оқиға орнына тікұшақ ұшып барып, барлығын эвакуацияладық. Олар авиациялық ангарға жеткізіліп, қажетті медициналық және өзге де көмек көрсетілді», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Шыңғыс Самиев.
Төтеншеліктер халыққа қыста табиғатқа шығу аса қауіпті екенін ескертіп, сапар бағытын алдын ала жақындарына хабарлауды ескертті.