«Мәйітті қайта қазып алдық»: Халимназаров күйеуі жылқымен сүйреп өлтірді деген әйел туралы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол өлімнің нақты себебін айтты

Фото: видеодан скриншот

Талдықорған қалалық сотында өз әйелі Айзат Жұманованы ұрып өлтірді деп айыпталған Айбар Жанболатқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот отырысында күйеуінің Айзат Жұманованы Талдықорған қалалық ауруханасына алып келген сәті түсірілген бейнежазба көрсетілді. Ауруханаға жеткізілген кезде Айзат Жұманова ес-түссіз күйде болған. Бейнежазбада Айбар Жанболат, оның анасы және досы жәбірленушінің аузын сүртіп, аяғын уқалап жатқан сәттері көрінеді.

Ал Бишімбаев ісі бойынша да белгілі сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров соққылар марқұм жан тапсырғаннан кейін де жасалғанын мәлімдеді.

«Біз сот-медициналық сараптаманы мәйітті қайта қазып алу арқылы жүргіздік. Алғашқы зерттеу кезінде анықталған жарақаттарды және қосымша зақымдарды толық қарап шықтық. Сараптама қорытындысында барлық жарақаттың тірі кезінде салынғаны көрсетілді. Ал аяқ-қолындағы сүйретілу іздері өлі күйінде пайда болған. Өлімнің нақты себебі бас миының ауыр жарақаты. Оның механизмі бетке бірнеше рет соққы жасалып, бас сүйегінің сынуымен байланысты. Бұл жарақаттарға жұдырықпен де, аяқпен де соққы жасау жатады», - деді Тахир Халимназаров.

Еске сала кетейік, бұған дейін Айбар Жанболаттың әйелін екі жасар баласының көзінше қатыгездікпен ұрып-соққаны хабарланған. Сонымен қатар, марқұмның қолын арқанмен байлап, жылқымен сүйрегені де белгілі болған.