Қазақстанда биыл ормандарды қалпына келтіру үшін 1,5 млрд көшет егілді

Автор: Асыл Арман

Орман қорында 2 млрд ағаш егу міндетін жүзеге асыру жалғасып жатыр

Фото: freepik.com

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елді көгалдандыру жөніндегі ауқымды бағдарламаның жүзеге асырылу барысы және орман қорын сақтау жөніндегі шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство басшысы елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу бойынша тапсырма толық көлемде орындалғанын, 18,1 млн ағаш егілгенін хабарлады.

Орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу міндетін жүзеге асыру жалғасуда: 2021-2025 жылдары 1,5 млрд көшет отырғызылды. Келесі жылы 208 млн-нан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр.

«Біз ағаш отырғызу көлемін арттырып қана қоймай, бар ормандарды өрттен қорғауды күшейтеміз. 2025 жылы 355 бірлік арнайы техника сатып алынды, ал келесі жылдың басында тағы 697 бірлік жеткізіледі. Өртті ерте анықтау жүйесі қазірдің өзінде 1,6 млн гектарды қамтиды, 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 5,4 млн гектарға жетеді», – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Шөлейттенуге қарсы белсенді жұмыс жүргізілуде. Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерделеу мақсатында мемлекет басшысының бастамасымен Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылды, ал экожүйені қалпына келтіру үшін ауданы 1,3 млн гектардан асатын «Арал орманы» резерватын құру бойынша шаралар қабылданып жатыр.