Шетелдіктер Астанаға келіп, интернет алаяқтықпен айналысқан

Автор: Асыл Арман

Астанада телефон арқылы алдау лабораториясының қызметі тоқтатылды

Фото: Павлодар облысы ПД

Астананың Киберполиция қызметкерлері Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, алаяқтардың қоңырау жасауға арналған заңсыз лаборатория қызметін тоқтатты. Жедел-іздестіру шаралары барысында телефон арқылы алаяқтық жасау үшін пәтерді кеңсеге айналдырған үш шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тінту кезінде 6 SIM-бокс, шамамен 3 000 SIM-карта, сондай-ақ компьютерлер мен ноутбуктер тәркіленді. Мұндай жабдық бірнеше нөмірді бір уақытта пайдаланып, абонент деректерін өзгертуге мүмкіндік береді, бұл алаяқтар азаматтарды алдауда жиі қолданатын әдіс.

Осы факті бойынша абоненттік құрылғының идентификациялық кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Басқа қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілуде.

«Полиция азаматтарға белгісіз абоненттерден келген қоңырауларға сақ болуға, жеке деректерді жарияламауға және күдікті әрекеттерді байқаса, дереу 102 пультіне хабарласуға шақырады», – делінген Павлодар облысының Полиция департаменті хабарламасында.