«Жеңеше, телефон соғыңыз»: Атыраулық әйел жоғалған күйеуінің достарынан күдіктеніп отыр

Автор: Алмас Ерсін

Үш азамат аңға «УАЗ» және «Нива» көліктерімен кеткен

Фото: freepik.com

Атырауда аң аулауға кетіп, төрт күннен бері із-түзсіз жоғалған азамат іздестіріліп жатыр. 61 жастағы Өтебай Сабыров 14 желтоқсан күні екі досымен жолға шыққан. Ертесі күні үзеңгілес екеу оны жоғалтып алғанын айтып, қалаға кері оралған , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

КТК-ның мәліметінше бірнеше күнгі іздеу нәтиже бермей, жоғалған азаматтың туыстары аңға бірге кеткен достарынан күдіктене бастаған. Өйткені сөздерінде күмән көп, сондықтан құзырлы органдар тергеу жұмысын күшейтсе екен дейді.   

«Табылмай жатқан соң күдіктенемін. Жұрт қойы жоғалып кетсе де іздейді ғой. Күдік болады ғой. Бірге барды, неге тастап кетеді? Маған 15-і күні 7:35-те телефон соқты. «Жеңеше, Өтебайды таба алмай қалдық» деді. Мен ойбайлап қалдым. «Не дейсің, қайда, қалайша жоғалды?» дедім. «Міне, осы түскі ас маңында жоғалды. Жеңеше, төтеншеліктерге телефон соғыңыз» деді. «Тіке сіздің үйге барамыз» деді. Біздің «Нивамен» 20:40-та келді», - дейді Өтебай Сабыровтың әйелі Шұға Аймишова.

Үш азамат аңға «УАЗ» және «Нива» көліктерімен кеткен. Қаладан ұзай бергенде «УАЗ» бұзылған. Үшеуі Мақат ауданынан көліктің қосалқы бөлшектерін алып, бірге жөндепті. Тіпті сол күні Өтебай Сабыров туыстарына бейнежазба жіберіп, теңіз жағасында аңшылармен кездесіп тұрғанын айтқан. Бірақ түс ауа ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Жанында болған достары «біз көлік жөндеп жатқанда, ол мылтықты алып, аң «аулап келем» деп кетті» депті.

Ал құзырлы органдар іздестіру жүріп жатқанын, бірге болған жолдастарынан жауап алғанын хабарлады. Олар да іздестіруге  жұмылдырылыпты. 

«Тергеп-тексеру кезінде аталған екі азаматтан жауап алынды. Алайда тергеп-тексеру ісінің шеңберінде өзге мәліметті жариялай алмаймыз. Қазір ол адамдар Жылыой ауданында. Сол жерде Атырау облысы полиция департаментінің басшы құрамымен бірге іс-сапарға қызметкерлер жұмылдырылды», - дейді Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Абай Жұмабаев.