Астанада радиотолқындардың адам денсаулығына әсері талқыланды
Астанада «Радиотолқындардың адам ағзасына әсері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ашық форматта ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық, халықаралық ұйымдар, байланыс операторлары, өңірлік құрылымдар өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінгі таңда байланыс пен цифрлық технологиялар қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ұялы байланыс, интернет, 4G және 5G желілерінің дамуы өнеркәсіп, білім беру, қашықтан медициналық қызмет көрсету, «ақылды қала» жобалары сияқты көптеген салаларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Сонымен қатар жаңа технологиялардың адам денсаулығына әсері жөніндегі сұрақтардың да жиі көтерілуіне себеп болуда.
«Базалық станция мен абоненттік құрылғы арасындағы қашықтық сәулелену деңгейіне тікелей әсер ететін фактор: смартфон базалық станциядан алыстаған сайын, өз қуатын арттыруға мәжбүр болады. Ал базалық станциялардың жиі орналасуы, керісінше, абоненттік құрылғылардың сәулелену деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков
Дөңгелек үстелде радиофобия мәселесі де көтерілді. Сарапшылар бұл құбылыс мобильді байланысты дамытуға кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. GSM стандартындағы базалық станциялар тұрғын аймақтармен ұзақ жылдар бойы қатар орналасып келгеніне және денсаулыққа байланысты жаппай теріс әсерлер тіркелмегеніне қарамастан, кей өңірлерде радиофобия салдарынан базалық станцияларды алып тастау жағдайлары әлі де кездеседі. Мұндай шешімдер байланыс сапасының төмендеуіне алып келетіні айтылды.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары Қазақстанда электромагниттік сәулеленуге қатысты қатаң санитарлық нормалар қолданылатынын еске салды. Атап айтқанда, радиосигналдың рұқсат етілген шекті деңгейі 10 мкВт/см² болып белгіленген. Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, ғылыми және медициналық зерттеулерге кешенді метаанализ жүргізуді көздейтін жол картасын іске асыруда.
Халықаралық тәжірибе аясында электромагниттік өрістердің әсерін реттеу мәселелері Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) өкілдері тарапынан таныстырылды. Спикерлер Қазақстанда қолданылатын нормалардың халықаралық стандарттарға сай келетінін атап өтті», – делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарламасында.