Қонаевта жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды
Қонаев қаласында 12 желтоқсанға қараған түні боранның салдарынан бірқатар тұрғын үй мен ғимараттың шатыры зақымданып, көше жарығының бағаналары істен шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, жел екпіні 25 м/сек-тен асқан.
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына («Азаматтық қорғау туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдар) сәйкес, Қонаев қаласының әкімі табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. 17 желтоқсаннан бастап жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ресми түрде жарияланды.
Төтенше жағдай резервінен бөлінген қаражат есебінен зақымданған нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі», – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, 11 желтоқсаннан бастап қаладағы коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Қонаев қаласындағы жағдай тұрақты: электр энергиясы, ауыз су және жылумен қамту жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр, дейді облыс әкімдігі.