Ол қызметтердің ауқымы кеңейе түсетінін айтты
Вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жаңа жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, 2026 жылдан бастап сақтандырылған азаматтар МӘМС аясында жоспарлы медициналық қызметтерді толық ала алады. Жүйе азаматтардың қаржылық тәуекелдерін азайтып, денсаулық сақтау саласын жаңа, сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда елімізде 17 миллионнан астам адам, яғни халықтың 82 пайыздан көбі сақтандырылған. Оның ішінде 12 миллионнан астам азамат жеңілдік берілген санатқа жатады, ал 4,5 миллионнан астамы жарнаны өз бетінше төлеп отыр. Министрдің айтуынша, негізгі мақсат – сақтандырылған азаматтар санын одан әрі арттыру. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС пакеті айтарлықтай кеңейтіледі. Атап айтқанда, қант диабеті, балалардың церебральды сал ауруы, ревматизм және басқа да созылмалы аурулар жүйе аясында толық қамтылады. Бұл санаттағы науқастар дәрігер консультациясын, қажетті дәрі-дәрмектер мен ем-шараларды қосымша төлемсіз ала алады», - дейді Балаева.
Министрдің айтуынша, елімізде 1,5 миллионға жуық адам артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр.
«Жыл сайын бұл аурудың асқынуынан 50 мыңнан астам инсульт пен инфаркт жағдайы тіркеледі. 2026 жылдан бастап мұндай науқастарға көрсетілетін барлық медициналық қызмет МӘМС есебінен жүзеге асырылады.Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен өмір сүріп жатқан 25 мыңнан астам қазақстандықтың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж. Келесі жылдан бастап диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы сақтандырылған азаматтарға МӘМС пакеті арқылы қолжетімді болады.Қант диабеті де кең таралған инфекциялық емес аурулардың бірі. Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен 500 мың адам тіркеуде тұр. Алдағы жылдан бастап олардың емделуі мен диспансерлік бақылауы толықтай МӘМС жүйесіне енгізіледі. Яғни, жоспарлы қабылдаулар, зерттеулер мен дәрі-дәрмектер тегін көрсетіледі», - деді министр.
Айта кету керек, қазіргі таңда созылмалы аурулардың басым бөлігі МӘМС арқылы қамтылған. Тек 11 әлеуметтік маңызы бар ауру тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен қаржыландырылады.
«Ауыл тұрғындары да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне толық енгізілген. Көптеген ауыл азаматтарының жарналары мемлекет есебінен төленеді. Соның нәтижесінде олар мамандар консультациясына, қымбат диагностикалық зерттеулерге және жоғары технологиялық емдеу әдістеріне қол жеткізіп отыр.Сонымен бірге, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС туралы заңға енгізілген жаңа нормаларға сәйкес, D және E санатындағы төмен табысты азаматтар да сақтандырылып, диагностика мен емді кедергісіз ала алады», - деді ол.