«Қарызсыз қоғам»: «Астана» телеарнасында алаяқтардың айла-тәсілін ашық түсіндіретін бағдарлама басталды

Автор: Бақыт Шынар

Бағдарлама «AMANAT» партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасының негізінде дайындалған

Фото: скриншот

«Астана» телеарнасында «AMANAT» партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасының негізінде дайындалған бағдарлама басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бағдарлама халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қаржылық қиын жағдайға тап болған азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетуге, жеке және отбасылық бюджетті басқару бойынша тәжірибелік білім беріп, кәсіп бастағалы жатқан азаматтарға бизнес-жоспар құруға қолдау көрсететін және алаяқтықтың алдын алу шараларын түсіндіруге бағытталған.

«Бағдарлама «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының негізінде дайындалады. Өйткені, бұл жоба халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың тиімді құралы екендігін дәлелдеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мен қарыздық жүктемені төмендетуге бағытталған бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында былтыр 845 мың азамат оқудан өтіп, тегін заңгерлік кеңес алған. Бұл аталмыш жобаның қоғам үшін қаншалықты қажет әрі пайдалы екенін айқын көрсетеді», - деп жазылған бағдарлама тұжырымдамасында.

Жалпы, бағдарлама барысында «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылу барысынан басқа, банктермен және коллекторлармен байланысты мәселелерін шешкен азаматтардың шынайы оқиғалары талқыланады. Сондай-ақ, бағдарламаға келген кәсіби мамандар қоңырау шалған азаматтардың мәселесін талқылап, ақыл-кеңес айтады. Мәселен, бағдарламаның үшінші бөлімінде мамандар коллекторлардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді.

Айта кетейік, бағдарламаны мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жүргізеді.