Оның үйінен жарты келі есірткі табылды
Шығыс Қазақстан облысы полиция қызметкерлері тыйым салынған интернет-дүкеннің «қойма-ораушысы» болып, жұмыс істеп жүрген 2006 жылғы Алматы облысының тумасын анықтап, ұстады. Күдіктінің тұрған жалдамалы пәтеріне санкцияланған тінту жүргізу кезінде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 5 полимерлі пакет және өсімдік тектес заты бар 2 полимерлі пакет табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген психотроптық заттардың жалпы салмағы 495,32 грамды құрады.
Тергеу барысында ұсталған азаматшаның мессенджерлердің бірі арқылы есірткі таратушы болып жұмысқа орналасқаны, сол жерде өзіне тапсырмалар беріп отырған белгісіз куратормен хат алмасқаны белгілі болды.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталған тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ШҚО полициясы ескертеді: интернет арқылы жастарды есірткі таратуға тарту — қауіпті жағдай. Есірткі таратушы ретіндегі кез келген «жеңіл табыс» міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкеліп, болашаққа балта шабады. Полиция департаменті жасөспірімдер мен жастарды сақ болуға және мұндай ұсыныстарға алданбауға шақырады», – делінген хабарламада.