Оның туыстары құтқарушылардан көмек сұраған
Солтүстік Қазақстан облысының Қарашілік ауылы маңында іздеу-құтқару операциясы жүргізілді. Мал іздеп жеке көлігімен шығып кеткен жергілікті тұрғын 12 сағаттан астам уақыт байланысқа шықпаған соң, туыстары көмек сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іздеу жұмыстарына ТЖМ құтқарушылары мен полиция қызметкерлері аттанды. Іздеу операциясын қараңғы уақыт және бағытты оңай жоғалтуға болатын ұзақ далалық алқаптар қиындатты.
Таңға жақын іздеу топтары ер адамды Қарашілік ауылынан шамамен 15 шақырым жерде тапты. Анықталғандай, ол көлігінің бұзылуына, байланыстың болмауына және бағдардан адасуына байланысты таң атқанша мұздай көлікте отыруға мәжбүр болған. Құтқарылған азаматқа медициналық көмек қажет болмады.