Орал тұрғыны бір ай бойы сувенирлік купюралармен есеп айырысып жүрген (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Сувенирлік купюралар сыртқы келбеті жағынан 5000, 10 000 және 20 000 теңгелік шынайы банкноттарға ұқсас болған

Фото: istockphoto.com

Орал қаласында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның тауар сатып алу кезінде бірнеше рет алаяқтық жасағанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Күдікті қазан айынан қараша айына дейін тауар сатып алғанда номиналы 5000, 10 000 және 20 000 теңге болатын, сырттай шынайы ақшаға ұқсас сувенирлік купюралармен төлеп отырған.

Мұндай купюраларды қолдану арқылы ол сатушыларды жаңылыстырып, тауарларды заңсыз иемденген.

«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Полиция азаматтарды қолма-қол ақшаны қабылдау кезінде мұқият болуға шақырады», — деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары купюраларды қабылдау кезінде қорғаныш элементтерінің бар-жоғын, қағаздың сапасын, түсін, бедерін және белгілерін мұқият тексеруге кеңес берді.

Күмәнді немесе жалған купюралар анықталған жағдайда «102» нөміріне дереу хабарлау қажет.

Полиция есеп айырысу кезінде сувенирлік купюраларды пайдалану алаяқтық болып саналатынын және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.