Көліктер арнайы айыптұрағына қойылды
Орал қаласында патрульдік полиция қызметкерлері «Автоураган» арнайы фото-видео тіркеу кешенін пайдаланып көлік ағымында бірдей мемлекеттік нөмірмен жүрген Toyota Ipsum және Toyota Alphard автокөліктерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында аталған автокөліктердің екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелгені белгілі болды.
«Әр түрлі көліктерде бір мемлекеттік нөмірді пайдалану – заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады және айыппұлдан жалтару немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді жасыру мақсатында жасалуы мүмкін. Осы факті бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын бастады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, оған қатысы бар тұлғалар белгілену үстінде. Екі автокөлік те, арнайы айыптұрағына қойылды», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция азаматтарды көлік құралдарын тіркеу және пайдалану талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін заңда қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.