Әрқайсысының өз міндеті болған
Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ІІМ-нің бейінді бөлімшелерімен бірлесіп, психотроптық заттарды интернет-ресурстар арқылы сақтап және таратумен айналысқан кең ауқымды қылмыстық схеманың жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел іс-шаралар барысында қаланың әртүрлі аудандарында бір қылмыстық тізбектің үш қатысушысы ұсталды. Әрқайсысы өз рөлін атқарған: бірі – бөліп қаптау мен «қалташа» дайындаумен, екіншісі – дайын дозаларды тасымалдаумен, үшіншісі – есірткінің ірі партияларын сақтаумен.
Алғаш болып ұсталған жас жігіт тыйым салынған заттарды бөліп-ораумен және жасырын «қалталар» дайындаумен айналысқан. Одан есірткі заттары, фасовкалық құралдар, электрондық таразылар және онлайн-есірткі дүкендеріне тән өзге де жабдықтар тәркіленді.
Екінші күдікті – дайын дозаларды тасымалдауды қамтамасыз еткен курьер. Тексеру кезінде одан психотроптық заттар салынған орамалар, таблеткалар, сондай-ақ әрі қарай таратуға арналған керек-жарақтар табылды. Оның тапсырмаларды мессенджер арқылы анонимді куратордан алып отырғаны, ал есеп айырысудың криптовалюта арқылы жүргізілгені анықталды.
Үшінші фигурант – есірткінің едәуір бөлігін сақтайтын тұлға. Одан ондаған сатуға дайын орама тәркіленді. Полицейлер оның есірткіні қабылдап, уақытша сақтайтын, яғни интернет-дүкеннің «аралық қоймасын» ұйымдастырғанын анықтады.
«Біз қылмыстық тізбектің толыққанды құрылымын көріп отырмыз: фасовщик, курьер, қойма. Олардың әрекеттері келісілген және Алматы аумағында психотроптық заттарды кең ауқымда таратуға бағытталған. Дер кезінде атқарылған жедел шаралардың нәтижесінде бұл желінің қызметі толық тоқтатылды. Өзге қатысушыларды анықтау жұмыстары жалғасуда», – деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Барлық эпизод бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Полицейлер күдіктілердің өзге интернет-дүкендермен және қала аумағында есірткі тарату фактілерімен байланысын тексеріп жатыр.