Автокөлік ішінде бірнеше адам болған
Қарағанды облысында №1677 теміржол өткелінде пойыз бен жеңіл көлік соғылды. Жеңіл көліктің жүргізушісі пойыз жолын кесіп өтпек болған. Автокөлік ішінде бірнеше адам, оның ішінде бала болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, «Қарағанды-Сортировочная-Құлайғыр» теміржол учаскесінде Audi маркалы автокөліктің жүк пойызымен соқтығысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 35 жастағы Audi жүргізушісі тыйым салатын қызыл сигналды елемей, теміржол өткеліне шығып кеткен. Соның салдарынан пойызбен соқтығысты.
Жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші мен көліктегі төрт жолаушы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Қазіргі уақытта полиция тарапынан жан-жақты тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша әрбір қатысушының әрекетіне заң аясында баға берілетін болады», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.
Қарағанды облысының полиция департаменті теміржол өткелдерінен өту ережелерін бұзу адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел және жол берілмейтін жағдай екенін ескертеді. Барлық кінәлі адам заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.