Қайғылы оқиға Индер ауданында болды
Атырау облысының Индер ауданына қарасты Есбол ауылында жер үйден екі ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 8 желтоқсан күні болды. Үй иесі – 1976 жылы туған ер адам, үйінде жалғыз тұрып келген. Сол күн оның қонағы да болған. Екеуі де сол жерде жан тапсырған.
Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, газбен улану нұсқасы жоққа шығарылды. Ер адамдар қатты қызған пештің қасына тым жақын ұйықтап қалған болуы мүмкін, бұл ағзаның шамадан тыс қызуына әкеліп, қайғылы салдарға соқтырды деп болжанып отыр.
Марқұмдардың қазасының нақты себебін сараптама анықтайды, полиция тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.