Оралда шетел азаматы жол ережесін 44 рет бұзған: оның айыппұлы 1,6 млн теңгеден асады
Оның көлігі айып тұрағына қойылды
Оралда полиция қызметкерлері жол ережесін 44 рет бұзған жүргізушіні анықтады, оның айыппұлы 1,6 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
9 желтоқсанда «Қауіпті жүргізуші» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Орал қаласында патрульдік полиция қызметкерлері рейд өткізді.
Тексеру барысында «Корғау» ақпараттық жүйесі арқылы өзге мемлекетте тіркелген Toyota Land Cruiser көлігі тоқтатылды. Рөлде шетел азаматы отырғаны анықталды. Полицейлер жүргізушінің жол қозғалысы ережесін 44 мәрте бұзғанын, жалпы сомасы 1 631 780 теңгені құрайтынын белгіледі.
Құқық бұзушыға қатысты тиісті әкімшілік материалдар толтырылып, көлік айып тұрағына қойылды. Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін сақтау және жауапкершіліктің бұлжымайтындығы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.