«Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған іс-шараға 40-тан астам оқушы мен студент қатысты
Маңғыстау облысында жастарға арналған «Таңдау: Өмір ме, өкініш пе?» атты көркемсурет байқауы өтті. Байқау «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар байқаудың негізгі идеясы мен тақырыбын сурет тілімен астарлап жеткізген.
«Адам баласы амандық пен тыныштықта жүрген кезде мұндай сұраққа еш ойланбастан: «Әрине, өмірді таңдаймын» деп жауап беруі заңды. Алайда өмір жолында кездесетін түрлі сын-қатерлер, зиянды әдеттер мен теріс ықпалдар кей жандарды адастырып, өкінішке әкелетін қадамдарға итермелейді. Мұндай жағдайлар адамның ғана емес, оның отбасының да тағдырына ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан бүгінгі жастарды дұрыс бағытқа шақыру, өмірдің құндылығын сезіндіру – қоғам үшін ерекше маңызды.
Өмір – бір ғана мүмкіндік. Оның бағдары – біздің таңдауларымыздың нәтижесі. Байқау дәл осы түсінікті, жастардың шығармашылығы арқылы жеткізуге бағытталды», – дейді ұйымдастырушылар.
«Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған іс-шараға 40-тан астам оқушы мен студент қатысып, өз туындыларында жарқын болашақ пен адастырар жолдың айырмасын көркем тілмен, образды түрде бейнеледі.
Көрерменнің көңілінен шығып, үздік атанған қатысушылар:
1-орын: Гүлмаржан Ысқақ;
2-орын: Мадина Байғали;
3-орын: Маңғыстау энергетикалық колледжінің ЭҚ-1/25 тобы.
Сонымен қатар қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленген төрт үздік суретшіге арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Іс-шараны 750-ге жуық көрермен тамашалап, жас суретшілердің ой-тұжырымын, талғамын және шеберлігін жоғары бағалады.
Кештің ерекше сәті – іс-шара аясында «Қадам» театрының жетекшісі Гүлмайса Шаңбаева бастаған әуесқой әртістер көрермендерге тәрбиелік мәні зор «Ананың ақ сүті» атты драмалық қойылымды ұсынды.
Қойылымда ата-анаға ізет көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас буынның дұрыс бағыт таңдай алуы және қоғамда кездесетін кері ықпалдардан сақтану мәселелері көркем түрде өрнектелді. Оқиға желісі көрерменді терең ойға жетелеп, аналық мейірімнің өмірдегі ерекше орнын айқын көрсетті.
Сахна шеберлері өз бейнелерін ерекше түрде сомдап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл көрсетілім жас ұрпақ тәрбиесінде осындай тағылымды іс-шаралардың маңызы зор екенін тағы бір рет дәлелдеді.