Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді: науқастар саны 1,7 есеге азайды

Автор: Асыл Арман

Соңғы аптада 198 532 жағдай тіркелді

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай біртіндеп жақсарып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

«Соңғы аптада 198 532 жағдай тіркелді, бұл өткен аптамен салыстырғанда 1,7 есе төмен», – делінген ведомство хабарламасында.

Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері 2 295 тұмау жағдайы расталды. Қазіргі таңда 2 268 891 адам, яғни ел тұрғындарының 11%-і, тұмауға қарсы екпе алды.

Сонымен қатар, бүгінгі күні 269 мектепте 25 850 оқушы қашықтан оқуда. Бұл көрсеткіш өткен күнмен салыстырғанда оқушылар саны бойынша 73,5%-ға, мектеп саны бойынша 40%-ға төмендеген.

Комитет тұрғындарға ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу шараларын сақтауды ескертеді:

  • Ауру адамдармен байланысты шектеу және олардың оқшаулануын қамтамасыз ету;
  • Көп адам жиналатын жерлерге бармау, жабық бөлмелерде маска тағу;
  • Жөтелу немесе түшкіру кезінде ауызды және мұрынды сүлгімен жабу;
  • Бөлмелерді жиі желдету;
  • Қолды жиі және мұқият жуу.