Жыл соңына дейін 46 теміржол вокзалын жаңғырту аяқталады
Президенттің көлік-логистика саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында биыл жыл соңына дейін 46 теміржол вокзалын жаңғырту аяқталады. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол республикада 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары басталғанын, жыл соңына дейін оның 46-сында құрылыс жұмыстары аяқталатынын атап өтті.
«Биыл 175 жаңа заманауи жолаушылар вагоны сатып алынды. 2030 жылға дейін ҚТЖ-ның вагондар паркі толық жаңартылады», – деді Нұрлан Сауранбаев.