Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алуы тиіс
Үкімет отырысында алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олжас Бектенов су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға баса назар аударылды.
Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін атап өтті. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алуы тиіс.
«Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, егер бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектардан артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз.
Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек», – деді Олжас Бектенов.
Облыс әкімдеріне 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады, бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселе Премьер-министрдің бақылауында.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне, шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктеріне қажетті су көлемініңдер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізу тапсырылды.