Қостанай облысында 13 жастағы қыз баланы зорлаған ер адам өмір бойына сотталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға 2025 жылдың наурызында болды

Фото: istockphoto.com

Лисаковск тұрғыны кәмелетке толмаған қыз баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Tobol.info-ға сілтеме жасап.

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыптау үкімін шығарған.

Іс жабық режимде қаралғандықтан, оның егжей-тегжейі жарияланбайды.

«Сот Лисаковск тұрғынын ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі («Сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері») бойынша 13 жастағы қызға қатысты жасаған қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қоғамды дүр сілкіндірген оқиға 2025 жылдың наурызында болды. Күдікті ұсталып, сот оның қамауға алынуына санкция берген.

Мәліметке сай, ол – жеке ұйымның жалдамалы қызметкері. Тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жария етілмеген.