Қала әкімдігі ресми мәлімдеме жасады
Алматы қаласындағы «Медеу» спорт кешенінде реконструкция жұмысы 2027 жылы аяқталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды «Медеу» биік таулы спорт кешенін қайта жаңғырту жұмысының барысымен танысты. Қала басшысы жаңғырту кезінде мұз айдыны кешенінің тарихи келбеті толық сақталатынын атап өтті.
«Жоба энергия үнемдейтін шешімдерді енгізуді көздейді: жаңа тоңазытқыш жабдығы орнатылып, инженерлік желілер жаңартылады. Шығыс қанаттағы қонақ үй жөнделеді, ал батыс трибунада кофеханалары бар терраса мен демалыс аймағы жасалады.
Кешен алдында SUN-DECK демалыс аймағын құру көзделген. Іргелес аумаққа жүргіншілер бағыттары, шолу алаңдары, көгалдандыру және сәулеттік жарықтандыру қосылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін екі жеделсаты орнатылады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жұмыс 2027 жылы төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.