Қазылар ең үздік жұмыстарды анықтап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды
Абай облысында Қазақстанның полиэтностық қоғамы туралы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін біз студенттер арасында «Полиэтникалық қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Қатысушылардың жұмыстарын қараған білікті қазылар алқасы ең үздіктерін анықтады. Бұл тақырып өте маңызды және жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Конференцияға қатысушылардың барлығын лайықты жетістіктерімен құттықтаймын», – деді Мағжан Құрманов.
«Мұндай конференцияларға қатысу біз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Өз баяндамама дайындық барысында Абайдың шығармашылығын терең зерттеп, оның талантының жаңа қырларын таныдым. Дайындық кезінде Достық үйімен және Абай атындағы облыстық кітапханамен жұмыс істедім. Өте көп мағлұмат алдым, алдағы уақытта да осындай конференцияларға қатысуды жоспарлап отырмын», – деді Дидар Наурызхан.
«Мен «Әртүрлі этностардың Семей қаласының экономикасына қосқан үлесі» атты баяндамаммен бірінші орын алдым. Бұл тақырыпты таңдаған себебім – облысымызда және жалпы елімізде көптеген этностың өмір сүретіні белгілі, бірақ олардың экономикалық өсімге қосқан үлесі көпшілікке беймәлім. Тақырыпты мұқият зерттей келе, оның өте терең екеніне және әлі де талай зерттеуді қажет ететініне көз жеткіздім», – деді Әмина Талғатова.