Ақтөбе өңірінде «Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтіп жатыр

Автор: Алмас Ерсін

Этнофестиваль аясында «Дәстүрлер жаңғырығы» атты үлкен концерттік бағдарлама өтті

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе өңірінде «Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Этнофестиваль:

  • бірінші күні «Тағылым»;
  • екінші күні «Дәстүрлер жаңғырығы»;
  • үшінші күні «Салбурын» атауымен өтеді.

Тағы бір маңызды шара – 4–6 желтоқсан күндері ауыл-аймақтарда соғымның дәстүрлі сыбағасы таратылып, үлкен-кішіге құрмет көрсетіледі.

«Тағылым» күнінде білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін танымдық сабақтар мен шеберлік сағаттары өтті.

Бүгін   «Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі салтанатты түрде Ақтөбедегі  Өнер орталығының алдында «Алтыбақан» мәдени ойын-сауық бағдарламасымен басталды. Ұлттық ойындар мен дәстүрлі әуендер тоғысқан, ұлттық нақышқа толы сахналық көріністер фестивальдің басталуына сән беріп, келген жұртшылықты өнер мерекесінің рухына бөледі.

Этнофестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің аймақта екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында  «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» - деп атап өткен болатын.  Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Ғылыми-техникалық прогресс қанша дамығанымен, қолда бар жетістіктердің іргетасын қалаған құндылықтардан бас тартуға болмайтындығын өскелең ұрпаққа жеткізу басты міндет», - деді өңір басшысы.

Айтып өту керек, Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форум аясында 20 мемлекеттен келген делегация және 7 елші шараға қатысты. Әкім қонақтарға ризашылығын білдіріп, ұлттық мәдениетті дамытуға атсалысып жүрген шеберлер мен өнерсүйер қауымға алғысын жеткізді.

Ұлттық болмысымызды дәріптеп, ата-бабадан мирас болған рухани қазынаны заманауи үлгіде насихаттауға бағытталған этнофестиваль аясында «Дәстүрлер жаңғырығы» атты үлкен концерттік бағдарлама өтті.

Бағдарлама барысында көрермендерге халық әндері, жыр-дастандар, күйлер, ұлттық аспаптық композициялар, сондай-ақ отандық дизайнерлердің этностильдегі топтамалары ұсынылды. «Тәрбия», Мейрамгүл Таубатырова, Қырғызстан Республикасынан Гүлмира Акматова, Сәбина Күнкей, маңғыстаулық Жаннар Меңдіқұлова, Инабат Ескендір сынды дизайнерлердің топтамалары ұлттық киім мәдениетінің әсем өрнегін паш етті.

Концерттің шарықтау шегі – Қазақстанның халық әртісі Тамара Асардың орындауындағы әсем әндер болды. Көрермен қауым белгілі әншінің өнерін зор ықыласпен қабылдады.

Ал «Сарқыт» мейрамханасында ұйымдастырылған «Көнеден жеткен дәм» гастро-фестивалінде облыстың әрбір ауданы өзіне тән ұлттық тағамдарын ұсынып, олардың шығу тарихы мен символдық мәні туралы әңгімеледі. Қонақтардың ерекше назарын аударған тағамдардың бірі — үлпершек, ол дәстүрде ата-ананың қызына деген қамқорлығы мен мейірімін білдіреді. 

Фестиваль қатысушысы Назифа Алдрапекова бұл тағамның бұрын жас келіншек алғаш рет төркініне келген кезде арнайы дайындалғанын айтты.

«Ұзатылатын қызға дайындалатын тағамды жасадым. Бұрын тұрмысқа шыққан қыз бала сүйген соң ғана ата-анасына қонаққа барған. Сол кезде төркіні оған арнап ерекше тағам — үлпершек әзірлеген», — деді ол.

Қатысушылар мен қонақтардың айтуынша, фестиваль дәм мерекесі ғана емес, тереңнен тамыр тартқан мәдени дәстүрлерді қайта танып-білуге мүмкіндік берген шара болды.