Қазақстанда «Бәйтерек» холдингі арқылы ШОБ-ты қолдау екі трлн теңгеге жетті
Тоқаев жиында шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жеткенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде бизнесте мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды екенін, сол сияқты экспорт нарығында бәсекеге түсе алатынын, отандық шикізатты пайдаланатынын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс екенін айрықша атап өтті.
«Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті. Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік.
Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішінде 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді», – дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды.
«Құжатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіпкерлерді нақты қолдау тетіктері қарастырылуға тиіс. Жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және «Атамекен» ұлттық палатасының қолдауымен жүзеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын келтіруге болады.
Ауыл-аймақтардан осындай ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де осы шаруаны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де шағын және бизнес бұл кәсіппен айналысуға ниетті.
Үкімет ортақ жауапкершілік қағидатына сай мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынас жасауына жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың дамуына тың серпін береді», – дейді мемлекет басшысы.