Тапсырыс конкурстан тыс, тікелей келісімшарт арқылы жасалған
Түркістан облысы Мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі» орталығы 3-7 минуттық тарихи бейнеролик дайындауға тапсырыс берген. Роликте ел тарихының түрлі кезеңдері қамтылуы тиіс. Алайда жобаның құны көпшіліктің назарын аударды. Орындаушы «G7 Exclusive» ЖШС бейнеролигін 100 миллион теңге деп бағалаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, тапсырыс конкурстан тыс, тікелей келісімшарт арқылы жасалған. Бұл жағдай, әсіресе президенттің бюджет қаражатын үнемдеу жөніндегі тапсырмасы аясында, сұрақтар туындатты.
Осыған байланысты облыс әкімі Нұралахан Көшеров аталған келісімшартқа қатысты толық тексеру жүргізуді тапсырды.
«Облыс әкімі Нұралахан Көшеров қажетті рәсімдердің орындалуын және бюджет қаражатының мақсатына сай жұмсалуын қамти отырып, көрсетілген келісімшарттың жасалу жағдайларын жан-жақты тексеруді тапсырды», – делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.