Оқиға туралы хабар жасақ қызметкерлеріне жолдан өтіп бара жатқан азаматтан түскен
Алматы қаласы Полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағы теміржол станциясы «Алматы-1» аумағында суицидке жасамақ болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға туралы хабар жасақ қызметкерлеріне жолдан өтіп бара жатқан азаматтан түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер қолында пышағы бар, эмоциялық күйзелісте тұрған азаматты анықтады. Ер адам не себепті мұндай әрекетке барғанын түсіндіре алмаған.
Полиция жауынгерлері жағдайды жедел бақылауға алып, ер адамның өзіне зиян келтіруіне жол бермеді және айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кейін ол медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін дәрігерлерге тапсырылды.
«Біздің қызметкерлер өте жылдам әрі сақ әрекет етті. Ең бастысы, адам өмірін сақтап қалу болды. Азаматтың қырағылығы мен ЖҚАЖ жауынгерлерінің жедел жұмысының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алдық», – деді Алматы қаласы ПД ЖҚАЖ командирі Азамат Исергужин.
Алматы қаласы Полиция департаменті бейжай қарамай, уақытылы хабар берген тұрғындарға алғыс білдіреді және азаматтарды өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін кез келген жайт туралы дереу «102» нөміріне хабарлауға шақырады.