Астанада тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілді

Автор: Темірхан Айжан

«Халық заңгері» акциясы – тұрғындарға құқықтық көмек көрсететін маңызды жоба

Фото: Azattyq Rýhy

Астана қаласында Алматы ауданының прокуратурасы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен «Халық заңгері» акциясын өткізді. Іс-шара №29 орта мектеп ғимаратында, Теміржолшылар тұрғын алабында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шарада тұрғындардың күнделікті өмірде жиі кездесетін мәселелері бойынша тегін заңгерлік көмек көрсетілді. Қатысушылар несие берешектері, алимент даулары, жер және тұрғын үй мәселелері, мұрагерлікке қатысты сұрақтар және басқа да бағыттар бойынша мамандардан кеңес алды.

Алматы ауданының Ұйымдастырушылық-бақылау жұмысы бөлімінің прокуроры Жанна Жәлелова акцияның маңызын атап өтіп, халықтың көбіне қандай сұрақтар бойынша жүгінетінін айтты.

«Бүгін Астана қаласында Алматы ауданының прокуратурасы мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, «Халық заңгері» атты ауқымды акция өткізуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және кез келген құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беру. Егер мәселе бірден шешілмесе, біз оны бақылауға алып, аяғына дейін жеткізуге тырысамыз. Қабылдауда көптеген мемлекеттік органның өкілдері отыр: коммуналдық қызметтердің мамандары, аудан әкімдігі бөлімдері, полиция басқармасы және аудан прокуратурасы. Сондықтан тұрғындар заңға қатысты кез келген сұрағын қойып, нақты жауап ала алады.

Осыған дейін де мұдай акциялар өткізілген. Ең жиі қойылатын сұрақтар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер даулары және басқа да әлеуметтік-құқықтық мәселелер. Бүгін біздің аудан бойынша шамамен 15 адам жүгінді, жартысы басқа құзырлы органдарға бағытталды, қалғандары жеке қабылдауға жазылды. Әсіресе қылмыстық істерге қатысты сұрақтар қазір қаралып жатыр және аудан прокуратурасының бақылауында», – деді ол.

Теміржолшылар тұрғын алабының тұрғыны Жанна Оспанова мұндай кездесулердің жергілікті халық үшін пайдалы екенін айтты.

«Мен – зейнеткермін, біздің ауданда тұрғындармен жиі кездесулер өтеді. Жақында аудан әкімімен кездестік, осындай басқосулар елді мекеннің жағдайына жақсы әсер етеді. Көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі заңгерлік кеңес беру шарасы да біз үшін өте маңызды. Мен осы кездесуге келіп, мазалап жүрген құқықтық сұрақтарыма жауап алғым келді», — дейді ол.

«Халық заңгері» акциясы – тұрғындарға қажетті құқықтық көмек көрсетуді көздейтін әлеуметтік маңызды жоба.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, тұрғындардан түскен барлық сұрақтар бақылауға алынған және тиісті органдарға жолданған. Акция алдағы уақытта да жалғасын табады.