«Дауыс International» тобының бейнебаянын тез шығару керек болған, бірақ қыздар дайын болмаған
«The Voice Қазақстан» музыкалық шоуының тәлімгерлері Тұрар Ыдырыс пен Бағым Мақсатқызы «Қызық Times» бағдарламасында қонақта болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдарлама барысында Тұрар Ыдырыс «Бағым Мақсатқызы бейнебаян түсіріліп жатқанда танымал әншілердің орнына ән айтқан» деген әңгіменің қаншалықты рас екенін өзінен сұрады.
«Бір жағдай есіме түсіп кетті. Айтуға бола ма, болмай ма? Кезінде төрт қыздан құралған «Дауыс International» деген топ болды ғой. Сол топтың бейнебаянын тез шығару керек болған, бірақ қыздар дайын болмаған. Сол кезде Бағым Мақсатқызы 4 қыздың орнына 4 түрлі тембрмен ән салып берген. Осы рас қой?», - деп сұрады әнші.
Бағым Мақсатқызы бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын, тек екі қыздың орнына айтқанын атап өтті. Неге олай болғанын да түсіндіріп берді.
«4 қыз дегені өтірік. Асыл мен Рано дайын болды. Әсел Сәдуақасова мен тағы бір қыз дайын болмай қалды. Әсел 10-сыныпта оқиды, алғаш рет кастингке қатысып тұр екен, сөйте тұра топқа қабылданып кетті. Бізге бейнебаян түсіру керек болды. Олар жеке өнер көрсете алады, бірақ суырып салып айтуды білмейді. Сондықтан екеуінің орнына екі түрлі тембрмен айтқаным бар», - деп мойындады продюсер.
Жүргізуші «Қазір ютубқа кіріп, сол әнді ашсақ, сол әндегі сіздің дауысыңыз ба?» деп нақтылады.
«Әрине, ол жерде менің дауысым бар», - деп жауап берді Бағым Мақсатқызы.