Түркістан облысында жемқорлардан қайтарылған ақшаға музыкалық мектеп ашылды

Автор: Асыл Арман

Қайтарылған активтер есебінен еліміздің түрлі өңірлерінде 434 әлеуметтік нысан салынып жатыр

Фото: Бас прокуратура

Ордабасы ауданында жемқорлардан қайтарылған ақшаға 300 оқушыға арналған музыка өнері мектебінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мектеп мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды және мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асырылған алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі болып табылады.

Заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім беру мектебі балаларға сапалы музыкалық білім алуға мүмкіндік береді, дарынды балаларды халықаралық конкурстарға даярлауға жағдай жасайды, сондай-ақ өңірдің мәдени әлеуетін нығайтады.

Мектепте домбыра, қобыз, фортепиано және басқа да музыкалық аспаптарды үйретуге арналған заманауи, арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған.

«Біз көктемде құрылысты бастап, уақыт капсуласын салдық, ал бүгін, небәрі сегіз айдан кейін, құрылыс жұмысының қаншалықты жылдам және сапалы аяқталғанына куә болып отырмыз», – деп атап өтті бас прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков.

Қазіргі уақытта қайтарылған активтер есебінен Үкіметпен еліміздің түрлі өңірлерінде 434 әлеуметтік нысан іске асырылуда, олардың 30-ы Түркістан облысында орналасқан.