Инфрақұрылым, жол қауіпсіздігі, білім: Бейсенбаев өңірлердегі негізгі проблемаларды атады

Автор: Аягөз Құрмаш

Бейсенбаев Үкімет жұмысындағы жүйелі кемшіліктерді атап, өңірлердегі өткір мәселелерді көтерді

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев өңірлерге жасалған жазғы сапарлар қорытындысы бойынша елдімекендердегі күрделі мәселелер мен Үкімет жұмысындағы жүйелі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, фракция мүшелері жазда еліміздің барлық өңіріндегі 543 елдімекенге барып, мыңнан астам кездесу өткізген. Соның нәтижесінде халықты толғандырып отырған негізгі проблемалар анықталған.

«Бүгін депутаттар тарапынан қойылған 40-тан астам сұрақ – сол күрделі мәселелердің шағын ғана бөлігі. Әрбір сұрақтың артында мыңдаған түйткіл мен жылдар бойы шешімін таппаған проблемалар тұр. Үкімет берген жауаптардың 46 пайызы – тек түсіндірме, 20 пайызы – «орындау сатысында», 13 пайызы – «мүлде шешілмеген», ал 5 пайызы мүлде жауапсыз қалған. Бұл статистика Үкіметтің сұрақтардың жартысынан астамы бойынша нақты шешім қабылдамағанын көрсетеді», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Инфляция және ауылдағы табыс теңсіздігі

Депутат инфляцияның ауыздықталмауы мен қымбатшылықтың күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Ауыл тұрғындары өз табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды, бұл отбасылардың қаржылық мүмкіндігін күрт шектеп отыр.

«Ауыл тұрғындарының табысы қала халқымен салыстырғанда екі есе төмен. 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақы алатындардың бір миллионнан астамы ауылда тұрады. Яки табысы да, жалақысы да ең төмен азаматтар – ауылдықтар. Бұл күрделі жағдай», – деді ол.

Жергілікті өзін-өзі басқару және ауыл әкімдерінің өкілеттігі

Фракция жетекшісі ауыл әкімдерінің құзыретін арттыру қажеттігін ерекше атады. Президент биылғы форумда әкімдердің өкілеттілігін кеңейту және жергілікті бюджетте салықтың біраз бөлігін қалдыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

«Бұл – тек ұсыныс емес, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған саяси шешім. Сондықтан ауыл әкімдеріне лайықты құзырет беру – ұлттық жүйені жаңғыртудың басты шарты.

Бұл мәселе – ауыл тұрғындарынан ұдайы көтіріліп, бізге аманат болып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды», – деді депутат.

Аяқталмаған жобалар және бюджет ақшасының тиімсіз жұмсалуы

Елнұр Бейсенбаев бюджеттік қаржының «жылдарға созылған жыр» болатын жобаларға шығындалып жатқанын сынға алды.

«Аяқталмаған жобалар — жүйелі мәселеге айналды. Мемлекет миллиондар жұмсап, жобалық-сметалық құжаттама дайындайды, бірақ кейін бәрі жылдар бойы кейінге шегеріледі. Нәтижесінде бюджет қаражаты сөздің тура мағынасында «құмға сіңіп» кетеді. Әрбір бесінші жобалық-сметалық құжаттаманың мерзімі өтіп кеткен, әлеуметтік нысандардың жартысында игерілмеген қаржы бар, әр төртінші нысан – құрылысы ұзаққа созылатын жобаға айналады.

Ал ақша пайда болғаннан кейін біз қайтадан жаңа жобалау-сметалық құжаттамаларды дайындаймыз да, тағы да қаражат жұмсаймыз. Мұның бәрі қоғам тарапынан орынды түсінбеушілік туғызады. Мұндай оқиғалар бұқаралық ақпарат құралдарында сын-пікірлерге бірнеше рет көтерілген.

Сол сияқты біздің қалалар мен ауылдардағы су құбыры желілері мен кәріз жүйелерінің елеулі бөлігі қиын жағдайда тұр. Кейбір аймақтардағы электр желілерінің тозуы шамамен 85%-ке жетеді», – деді депутат.

Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық нысандардың – Маңғыстаудағы кәріз-тазарту қондырғылары, Атыраудағы газ құбыры, Байқоңырдағы су жүйесі жобалау, мердігерлермен даулар және қаржыландырудың кешігуі себебінен кешеуілдеп жатыр.

«Біз жыл сайын даму емес, «тесікті жамауға» бюджет жұмсаймыз», – деді Мәжіліс депутаты.

Жүк тасымалы саласындағы дағдарыс

Депутат теміржол жүк тасымалы саласында ұлттық оператор ҚТЖ-ның транзитке басымдық беруі отандық кәсіпкерлерге зиян келтіріп отырғанын айтты.

«Үкіметтің уақытша тыйымдары отандық тауарлардың жүйелі түрде кешігуіне әкелді. Мысалы, қазан айында жіберілген астық тиелген вагондар әлі күнге дейін межелі елдерге жеткен жоқ. Өндірушілер тұтынушы нарықтарын жоғалтып, бәсекелестерге орын босатып беріп отыр», – деді ол.

Оң жақ рөлді көліктердің мәселесі және жол қауіпсіздігі

2025 жылы жол-көлік оқиғаларының 27%-ға өсуі қауіпті жағдай туғызып отыр. Депутаттың мәлімдеуінше, таксиде оң жақ рөлді көлік қолдануға тыйым болғанына қарамастан, заңсыз тасымалдаушылар жұмысты жалғастырып келеді.

«Toyota Alphard пен Estima көліктері бірнеше ірі апаттарға себеп болды. Шілде айында екі күнде Жамбыл және Алматы облыстарында болған жол апаттарында он адам қаза тауып, төртеуі жарақат алды. Сондықтан мұндай көліктерді жолаушылар тасымалының барлық түріне мүлде пайдалануға тыйым салу қажет», – деді депутат.

Үкіметтің Парламентпен диалогқа дайын еместігі

Бейсенбаев Үкімет мүшелерінің сын көтермеуі мен конструктивті диалогқа дайын еместігі қоғамның мемлекеттік билікке деген сенімін әлсіретіп отырғанын айтты.

«Жаңа Салық кодексін қабылдау кезінде Парламент ескерткен қауіптер еленбей қалды. Үкімет кең ауқымды түсіндіру жұмысын жүргіземіз деді, бірақ жағдай ушықты. Президенттің араласуымен ғана бірқатар норма тоқтатылды. Осылайша Үкімет тағы да өз қателігін мемлекет басшысының араласуымен ғана «жапты», – деді депутат.

Ол сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдерінің халықтан алшақ, этикаға жат мәлімдемелері жұрттың наразылығын күшейтіп отырғанын айтты.

Мысалға:

  • Жаңа жылдық дастархан бағасы жайлы сұраққа сауда және интеграция вице-министрінің «әмиян мен қалауыңызға сүйеніңіздер» деген кеңесі;
  • Алматы облысы әкімі орынбасарының мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорлайтын сөзі;
  • Қорғаныс министрінің әскердегі суицидтер туралы ирониялы жауабы.

«Соңғы 3,5 жылда әскери қызметте 280-нен астам өлім тіркелген. Бұл – дабыл қағатын мәселе», – деді депутат.

Білім саласындағы құрылымдық проблемалар

Елнұр Бейсенбаев Астанадағы Tesla оқу орталығы төңірегіндегі жанжал білім жүйесінің жүйелі кемшіліктерін әшкерелегенін айтты.

«Ата-аналар адал тапқан 1 млрд теңгесінен айырылды. Бүгінде балалар мектепте оқыса да, мектеп бағдарламасын қайта меңгеру үшін қосымша курстарға баруға мәжбүр. Репетиторлық қызметке сұраныс 25%-ға артты. Бұл – білім беру жүйесіндегі парадокс», – деді депутат.

Мемлекеттік органдар жауапкершілікті күшейтуі тиіс

Депутат сөзін жалғай отырып, мемлекеттік органдардың халықпен және Парламентпен жұмысты формализмнен арылтып, нақты нәтижеге бағыттауы керек екенін айтты.

«Қарапайым халық алдымен министрді емес, депутатты іздейді. Себебі депутат – халық сенім мандатына ие тұлға. Керек десеңіздер, біздің депутаттық сауалға формалды сипатта жауап берілетінін де айтқанбыз. Сессия басталғалы бері АМАNАТ Фракциясы Үкіметке әлеуметтік-экономикалық маңыздағы 120 депутаттық сауал жолдады. Алайда сол жауаптардың шамамен 60 пайызы формалды, мазмұнсыз «отписка» сипатында болды.

Сондықтан президенттің «күшті президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы өкінішке қарай атқарушы билік тарапынан әлсіз қолдау тауып отыр», – деді ол.

Ол өз сөзінде «Еститін үкімет» мәселені тыңдап қана қоймай, оған нақты, жүйелі, уақытылы және тиімді шешім ұсына алатын саяси институт екенін, осындай жүйелі жұмысқа көшпей, халық сенімін нығайту қиын екенін ерекше атап өтті.

«Парламент депутаттары көтерген әр сауал – тек қағаз емес, миллиондаған адамның өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан мемлекеттік органдар формализмнен арылып, нақты нәтижеге бағытталған іс-қимыл жасауға тиіс.

Керісінше, осындай дәстүрлі, келелі жиынды пайдаланып, өңір проблемаларын депутаттармен бірге ашық талқылауымыз керек және оның шешу жолдарын бірден ұсынуымыз тиіс, тек жауап қайтарып отырмай», – деп Елнұр Бейсенбаев сөзін қорытындылады.