Солтүстік Қазақстанда асханасынан жәндік табылған мектептің директоры қызметінен босатылды

Автор: Алмас Ерсін

Мектеп басшылығының тарапынан тиісті бақылау болмағаны анықталған

Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында асханасынан жәндік табылған Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімдігінің мәліметінше мектеп басшылығының тарапынан тиісті бақылау болмағаны анықталған. Сондай-ақ оқушыларды тамақтандыру қызметін көрсеткен кәсіпкермен келісімшартты бұзу рәсімі басталды.

«Жақын арада мектептегі тамақтандыру қызметтерін көрсетуге арналған жаңа конкурс жарияланады», - деп жазылған хабарламада.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы мектеп асханалары тексеріліп жатыр.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңір мектептерінде асханалар тексеріліп жатыр. Межведомствалық комиссия жұмыс істейді», - дейді әкімдік қызметкерлері.

Сонымен қатар әр мектепте басшының төрағалығымен және ата-аналардың қатысуымен бракераждық комиссия құрылған.  Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында.

Еске сала кетейік, бұған дейін ата-аналар тамақтың ішінен жәндік шығып, бірнеше оқушының ауырып қалғанын айтып шу шығарған болатын. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхаметов жауапты сала басшыларына дереу шара қабылдауды тапсырды.