Алматы-Бішкек тасжолында жол апатынан қаза тапқандардың аты-жөні белгілі болды

Автор: Асыл Арман

Жол апатынан 7 адам қаза болды

Фото: Facebook / Арсен Шакуов

Алматы – Бішкек тасжолында болған қайғылы жол апатынан жеті адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында Бішкектегі футбол турнирінен қайтып келе жатқан қазақстандық сурдоспортшылар бар. Бұл туралы Ұлттық сурдлимпиялық комитеттің вице-президенті және Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Алдын ала деректер бойынша, апат салдарынан есту қабілеті шектеулі бес спорт ардагері, сондай-ақ жүргізуші мен тағы бір жолаушы көз жұмған.

«Бүгін түнде Бішкектен қайтып келе жатқан футболдан есту қабілеті зақымдалған ардагерлер – менің әкемнің ең жақын достары жол апатына ұшырады. Оқиға орнында бес ардагер қаза тапты. Айтуларынша, жүк тиелген КамАЗ жоғары жылдамдықпен Honda Odyssey көлігін соққан. Барлығын бала кезімнен танимын, әкемнің үзеңгілес достары еді», – деп жазды Арсен Шакуов әлеуметтік желіде.

Қаза тапқан спортшылардың есімдері:

  • Асыл Ибраимов – есту қабілеті шектеулі спортшылардың футболдан жаттықтырушысы;
  • Дмитрий Мочальский – сурдлимпиялық чемпион, шахматтан Еуропа чемпионы;
  • Сәкен Смағұлов – футбол ардагері, есту қабілеті шектеулі ұлттық құраманың ойыншысы;
  • Сергей Волковинский – футбол ардагері, ұлттық құрама мүшесі;
  • Серік Молдашев – футбол ардагері, ұлттық команда ойыншысы.

Арсен Шакуовтың айтуынша, марқұмдардың артында бала-шағасы мен немерелері қалды.