Қайғылы оқиға Алматы-Бішкек автожолының 129-шақырымында болды
Алматы облысында жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысып, жантүршігерлік жол апатынан 7 адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы-Бішкек автожолының 129-шақырымында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, «Honda Odissei» көлігінің жүргізушісі алда кетіп бара жатқан «HOWO» жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл көлікте болған жеті адамның барлығы, оның ішінде жүргізуші де, алған жарақаттарынан көз жұмды», – делінген ПД хабарламасында.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.