Маңғыстау облысында ұры пробациялық бақылаудан жалтарғаны үшін түрмеге қайта қамалды
Ол шаруа қожалығына тиесілі заттарды ұрлап жатқан жерінен ұсталды
Маңғыстау облысының тұрғыны ұрлық жасағаны үшін сот белгілеген міндеттерді орындамағандықтан, түрмеге қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, өңір тұрғыны шаруа қожалығына тиесілі металл бұйымдарын (қақпа, малға арналған қоршаулар) ұрлау үстінде ұсталған. Іс Түпқараған аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 188-бабының 3-бөлігі 3) тармағы (Ұрлық) бойынша қаралды. Нәтижесінде Т. үш жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бұл жаза жеңілдетіліп, бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.
Бірақ соған қарамастан, сотталған адам бас бостандығын шектеу жазасын өтеу кезінде бірнеше рет сот белгілеген талаптарды бұзған. Атап айтқанда: жазаны өтеу мерзімінде пробация қызметіне бірнеше рет келмеген; тексеріс кезінде тұрғылықты жерінде болмаған; тұрғылықты жерінен себепсіз шығып кетіп, пробациялық бақылаудан жалтарған», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Іс материалдарын зерделей келе, сот Т.-ны қайтадан бас бостандығынан айыру орындарына жіберу туралы шешім шығарды. Бостандығын шектеу түріндегі өтелмеген 1 жыл 2 ай 8 күн мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Сотталған жаза өтейтін мекеме қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемесі деп белгіленді.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, осындай жағдай бұған дейін Ақтауда да болған еді.