Жалпы 39 үміткер байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды
Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан ұйымдастырылып жатқан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық-қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
6-10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың қалалық-аудандық кезеңі 20-28 қараша аралығында ұйымдастырылды. Оған облыс бойынша 4000-нан аса оқушы мен олардың жетекшілері қатысып, бақ сынады. Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.
Нәтижесінде қазылар шешімімен әр өңірден (аудан-қала) үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, жалпы 39 үміткер байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Бірінші орын иесіне 150 мың, екінші орын 100 мың, 3 орыннан көрінген оқушыға 70 мың теңге көлемінде сыйлықтар және арнайы дипломдар, ұстаздарына алғыс хаттар табыс етілді.
Айта кетейік, аудандық-қалалық кезеңнен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушыға 1 000 000 теңге беріледі. ІІ орынға 500 000 теңге, ІІІ орынға 250 000 теңге тағайындалған. Жүлдегер оқушыларды дайындаған ұстаздарға да дәл сондай сыйақы табысталады. Сонымен қатар, облыстық байқаудағы жеңімпаз оқушы Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің білім грантына, ұстазы «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» ұсынған автокөлікке ие болады.
Байқаудың облыстық кезеңі Тәуелсіздік күні қарсаңында қорытындыланады.